Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаевтың 70 жас мерейтойымен құттықтаймыз!
SDU University ұжымы көрнекті ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаевты 70 жас мерейтойымен шын жүректен құттықтайды.
Асқар Серқұлұлы — отандық ғылым мен жоғары білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан танымал ғалым. 1980–1990 жылдары Математика және механика институтында (қазіргі Математика институты) кіші, аға және жетекші ғылыми қызметкер болып еңбек етті. 1990 жылдан бастап осы институтта алгебра лабораториясын басқарып, іргелі ғылыми зерттеулердің дамуына жетекшілік қызметін атқарды.
2007 жылдан бері Асқар Серқұлұлы SDU University Математика және жаратылыстану ғылымдары кафедрасының профессоры ретінде университеттің академиялық әлеуетін нығайтуға, сапалы білім беру мен жас ғалымдарды даярлауға айрықша үлес қосып келеді. Оның дәрістері мен ғылыми жетекшілігі студенттердің терең ойлау мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар Асқар Серқұлұлы қоғамдық қызметте де белсенді болып, 12-сайланған Қазақ Жоғарғы Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде ел дамуына үлес қосты. Қазіргі уақытта ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті ретінде ұлттық ғылымның стратегиялық дамуына қызмет етіп келеді.
SDU University ұжымы Асқар Серқұлұлына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ғылыми және педагогикалық қызметінде жаңа табыстар тілейді.





















