SDU University делегациясы «Қазақстан – академиялық білім аймағы» халықаралық форумына қатысты
Астанада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен білім және ғылым саласындағы стратегиялық серіктестердің халықаралық форумы – «Қазақстан – академиялық білім аймағы» өз жұмысын өткізді.
Форумның басты мақсаты – жоғары білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, әлемдік тәжірибе алмасу және академиялық қауымдастықтар арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту болды. Іс-шараға отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ректорлары, аккредиттеу агенттіктерінің өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумның ашылуында сөйлеген сөзінде білім мен ғылымның мемлекет дамуы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл салалар шекарамен шектелмейтін, барша елдерге ортақ әрі адамзат өркениетінің ілгерілеуіне серпін беретін маңызды бағыттар болып табылады.
Форум жұмысына SDU University делегациясы да белсене қатысты. Делегация құрамында университет ректоры Әлімжан Игенбаев, бірінші проректор Давронжон Гаипов, ғылыми зерттеулер жөніндегі проректор Мақсат Қалыбек, сондай-ақ бірқатар жетекші ғалымдар болды.
SDU University ғылыми зерттеулер жөніндегі проректоры Мақсат Қалыбек форум аясындағы пікірталас сессияларынан алған әсерімен бөлісіп, іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
«Ғылым мен бизнестің ықпалдастығына арналған пленарлық сессияда ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және өнеркәсіптік әріптестермен ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Маған әсіресе Ұлыбританияның Корольдік инженерлік академиясының сарапшысы Н. Маршаллдың сөзі әсер етті. Ол ғалымдарға зерттеу нәтижелері алынғаннан кейін емес, жұмыс барысында-ақ коммерцияландыру ісінде қолдау көрсету маңызды екенін атап өтті.
Пікірталас кезінде мен Ұлыбританияның Knowledge Transfer Partnerships бағдарламасына қатысты сұрақ қойдым. Бұл бағдарлама тек ғылыми идеяларды жеткізу ғана емес, сонымен қатар білім мен тәжірибе алмасуды дамыту тұрғысынан да маңызды екенін айттым. Маршалл мырза бұл пікірмен келісіп, аталған бағдарламаның университеттер мен индустрия арасындағы байланыстарды нығайтудағы тиімділігін атап өтті.
Сондай-ақ, ғылыми жобаларды қаржыландыруға венчурлық қорларды тартудағы қиындықтар да талқыланды. Мұндай жобалар ауқымының шектеулілігі және мұндай шығындардың инвестиция емес, гранттық қолдау ретінде қабылдануы — негізгі кедергілердің бірі екені айтылды», — деді Мақсат Қалыбек.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар жоғары білім мен ғылым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, инновациялық жобаларды қолдау және білім беру экожүйесін халықаралық деңгейде дамыту бағыттарында бірлескен қадамдар жасауға уағдаласты.
SDU University ұжымы үшін бұл форум университеттің ғылыми әлеуетін танытып, жаңа серіктестік мүмкіндіктерін қалыптастыруға жол ашқан маңызды шара болды.
Ақпарат көзі: www.bilim.expert
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі



