CCAAC 2025: Қазақстанда алғаш рет Филдс сыйлығының лауреаты баяндама жасады
Алматыда ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Математика және математикалық модельдеу институты мен SDU University бірігіп әлемдік ғылыми қауымдастық үшін маңызды CHINA — CENTRAL ASIA ALGEBRAIC CONFERENCE 2025 (CCAAC 2025) конференциясын ұйымдастырды.
CCAAC 2025 конференциясы Қазақстанның әлемдік ғылымдағы өсіп келе жатқан беделін айқын көрсетуге тамаша мүмкіндік береді. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен, академик Асқар Жұмаділдаевтың төрағалығымен өтті.
Іс-шараға Орталық Азия мен Қазақстан тарихында тұңғыш рет математика саласындағы ең беделді марапат — Филдс сыйлығының иегері, әйгілі ғалым, профессор Ефим Зельманов қатысты.
Профессор Ефим Зельмановтың — бейассоциативті алгебра мен топтар теориясы саласындағы әлемдік деңгейдегі аса беделді ғалымның, 1994 жылғы Филдс сыйлығының лауреатының баяндамасы конференцияның өзектілігін көрсетті. Ол өз баяндамасында «Өсу функциялары мен күрделілік туралы» жаңа әрі түбегейлі нәтижелерді ұсынып, заманауи алгебраның дамуына зор ықпал ететін ғылыми тұжырымдарымен бөлісті.
CCAAC 2025 – Қытай, Орталық Азия, Еуропа, АҚШ және Жапонияның жетекші ғалымдарын тоғыстырды. Қатысушылар арасында — профессор Чжан Цзипин (Пекин университеті), профессор Томоюки Аракава (Киото университеті), профессор Вячеслав Футорный (Оңтүстік ғылым және технология университеті, Шэньчжэнь), профессор Павел Колесников (С.Л. Соболев атындағы математика институты, Новосібір), профессор Уалбай Умирбаев (Уэйн Стейт университеті, АҚШ), профессор Владимир Доценко (Страсбург университеті, Франция), сондай-ақ профессорлар Софиан Буаррудж пен Квентин Эрет (Нью-Йорк университеті, Абу-Даби) болды.
Концеренцияға Zhanykulov Foundation, Global Chemical Resources және Qalan.kz секілді ірі бизнес-өкілдерінің демеушілік қолдауы елімізде ғылым саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің орнығып келе жатқанын көрсетті.
Шетелдік қонақтар конференция соңында Қарасай ауданының табиғатын тамашалап және SDU University кампусын аралап, білімгерлерге жасалған заманауи жабдықтар мен мүмкіншіліктерімен танысып қайтты.



