SDU University-де Орталық Азиядағы заң, қоғам және медианың өзекті мәселелері талқыланған халықаралық конференция өтті
17–18 сәуір күндері SDU University-де Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің ұйымдастыруымен «Өзгермелі әлемдегі Орталық Азия: аймақтық субьектілік, құқықтық сын-қатерлер және медиа ландшафт» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Конференцияның ашылуында SDU University ректоры Әлімжан Игенбаев құттықтау сөз сөйлеп, Орталық Азияның заманауи сын-қатерлерін ғылыми негізде талқылау алаңының маңыздылығын атап өтті. Алғашқы пленарлық сессияда АҚШ, Швеция және Қазақстаннан келген сарапшылар аймақтың экологиялық саясаты, халықаралық құқықтағы Орталық Азияның рөлі туралы баяндамалар жасады.
Баяндамашылар қатарында Джордж Вашингтон университетінен профессор Себастьен Пейруз, Уппсала университетінен доктор Анн-Мари Сэтре, KIMEP университетінен доктор Рустам Атаджанов болды. Сессияларға қатысушылар арасында Қытай, Оңтүстік Корея, Германия және басқа елдердің ғалымдары мен зерттеушілері бар.
ICLSS-2025 конференциясы – Орталық Азияның болашағына бағытталған ғылыми ой-пікірлер тоғысып, жаңа идеялар мен серіктестіктердің іргесі қаланған маңызды халықаралық алаңға айналды.



