Германияның Алматыдағы Бас консулы SDU университетінде
SDU университетіне Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Маттиас Кислер арнайы сапармен келді. Онымен бірге Германия Бас консулдығының өкілі Вольфганг Фауст та университетке ат басын тіреді.
Құрметті қонақтарды SDU университетінің басшылық өкілдері қарсы алып, жоғары оқу орнының негізгі бағыттары, білім беру бағдарламалары және халықаралық ынтымақтастық саласындағы жетістіктері жайында таныстырды. Кездесу барысында тараптар екіжақты серіктестік аясын кеңейту, студенттер мен оқытушылар алмасуын дамыту және бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Маттиас Кислер мырза SDU университетінің халықаралық бағыттағы бастамаларына жоғары баға беріп, Германия мен Қазақстан арасындағы білім және мәдениет салаларындағы өзара қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Кездесу жылы әрі іскерлік атмосферада өтіп, алдағы уақытта екі ел арасындағы білім беру саласындағы байланысты тереңдете түсетін нақты қадамдардың бастамасы болды.
