Университетімізде «Құндылықтар мен тұлға тәрбиесі» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды
SDU University ғылым мен білімнің дамуына жаңа серпін беретін тағы бір маңызды қадам жасады. Университет қабырғасында Білім беру және гуманитарлық ғылымдар мектебіне қарасты «Құндылықтар мен тұлға тәрбиесі» ғылыми-зерттеу орталығы ресми түрде ашылды.
Орталықтың басты миссиясы – білім беру жүйесінде тұлғалық қасиеттер мен құндылықтарға сүйенген ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту, білім беру саясатын жетілдіру және тәжірибеге енгізу болып табылады. Бұл бағытта мәдени тұрғыдан маңызы зор, ғылыми дәлелдерге негізделген зерттеулер жүргізу арқылы білім алушылардың моральдық, этикалық және азаматтық тұрғыдан қалыптасуына ықпал ету көзделген.
Ашылу рәсіміне SDU University профессор-оқытушылар құрамы, студенттер қауымдастығы және шетелдік құрметті қонақтар қатысты. Мерекелік шараға арнайы шақырылған қонақтар қатарында:
- Профессор Том Харрисон – Бирмингем университетінің Мінез және құндылықтар жөніндегі Джубили орталығының директоры, Білім беру саласындағы инновациялар жөніндегі проректордың орынбасары. Ол өз сөзінде құндылықтарға негізделген білім берудің жаһандық маңызына тоқталып, SDU University бастамасын жоғары бағалады.
- Николь Ляу Шао Жун ханым – Сингапурдағы Наньян технологиялық университетінің Ұлттық білім беру институтына қарасты Мінез және азаматтықты дамыту орталығы директорының орынбасары. Ол білім алушылардың азаматтық жауапкершілігін дамытудағы тәжірибелерімен бөлісті.
- Жасмин Сеинг Джи Чинг ханым – Сингапур Республикасының Білім министрлігі жанындағы Мінез және азаматтықты дамыту басқармасы директорының орынбасары. Өз сөзінде ол құндылықтарға бағытталған білімнің қоғамдағы орны мен келешегі туралы ой қозғады.
Бұл маңызды бастама SDU University-дің құндылықтарға негізделген білім беруді дамытуға қосқан елеулі үлесі болып, халықаралық деңгейдегі ғылыми ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашады.




