Нара қыздар университетінің профессоры SDU-да дәрістер өткізді
15–24 қыркүйек аралығында SDU University-де Жапонияның Нара қыздар университетінің профессоры Мегуми Санo жоғары курс студенттеріне арналған дәрістер сериясын өткізді. Дәрістер заманауи математикалық талдау бағыттарына арналды. Студенттер халықаралық деңгейдегі ғалымнан жаңа білім алып, ғылыми пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Іс-шараға 3–4 курс студенттерімен қатар, магистранттар, докторанттар және “Математика және жаратылыстану ғылымдары” кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Бұл кездесулер SDU-дағы академиялық серіктестікті нығайтып, студенттердің математиканың өзекті мәселелерін тереңірек түсінуіне ықпал етті.
Айта кетейік, профессор Мегуми Санo – Жапониядағы Нара қыздар университетінің Математика кафедрасының қауымдастырылған профессоры. Ол Осака қалалық университетінде математика ғылымдарының PhD дәрежесін қорғаған. Ғылыми зерттеулері вариациялық есептер, функционалдық теңсіздіктер, оңтайлы тұрақтылар және экстремалды функциялардың қолжетімділігіне бағытталған. Бұған дейін Хиросима университетінде қауымдастырылған профессор қызметін атқарған.
Мегуми Санo Жапония Математикалық қоғамының Жас ғалымдарға арналған ынталандыру сыйлығының иегері.




