SDU University-де «Толық Адам» концепциясы аясында дөңгелек үстел өтті
Университетімізде ғалымдардың қатысуымен «Толық Адам» концепциясының ғылыми және практикалық негіздеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға отандық белгілі ғалымдар, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.
Ашылу сөзінде университеттің академиялық және ғылыми істер жөніндегі проректоры Мақсат Қалыбек сөз сөйлеп, мұндай ғылыми кездесулердің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, Білім беру және гуманитарлық ғылымдар мектебінің деканы Дана Молдабаева қатысушыларға ізгі тілегін білдірді.
Іс-шараның ғылыми бөлімінде «Толық Адам» концепциясына қатысты бірқатар мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Алдымен белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметовтің ғылыми мұрасы мен оның абайтану саласындағы еңбектері жайлы қысқаша ақпарат берілді.
Одан кейін «Хәкім Абай» орталығының директоры Жабал Шойынбет «Толық Адам» концепциясының шығу тарихы мен қазіргі даму ерекшеліктеріне тоқталды. Доцент Мақсат Әліпхан аталған концепцияның құрылымдық компоненттерін талдаса, доцент Мұрат Мырзахмет бұл ілімнің өмірдегі қолдану тәжірибесі туралы ой бөлісті. Ал ҚазҰУ докторанты Ерулан Әсентайұлы «Толық Адам» моделінің практикалық маңызын атап өтті.
Келесі кезеңде қатысушылар топтық жұмысқа бөлініп, «Ақыл», «Жүрек», «Қайрат», «Әділет» ұғымдары негізінде ұсынылған дилеммалық тапсырмаларға шешімдер әзірледі. Әр топ өз нәтижелерін постер арқылы қорғап, мазмұнды пікірталас өрбіді.
Сұрақ-жауап сессиясында студенттер мен оқытушылар ғалымдарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мазмұнды жауаптар алды.
Іс-шара соңында топтық жұмыстар қорытындыланып, дөңгелек үстелдің негізгі ғылыми және практикалық нәтижелері талқыланды. Кафедра меңгерушісі қатысушы ғалымдарға алғысын білдіріп, естелік суретке түсу рәсімімен шара өз мәресіне жетті.











