Алматы қаласының Білім басқармасы мен жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды
18 тамызда Алматы қаласының Білім басқармасы мен жоғары оқу орындары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою рәсімі өтті. Іс-шара білім беру саласындағы әріптестікті нығайтуға, педагог кадрларды даярлау, студенттердің тәжірибесін арттыру және ғылыми-әдістемелік бағыттардағы бірлескен жұмысты дамытуға арналды.
Жиынға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің, SDU University және De Montfort University ректорлары қатысты. Іс-шара барысында жоғары оқу орындары мен Алматы қаласының білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды.
SDU University ректоры Арман Жұмажанов өз сөзінде меморандумды жай ғана ресми құжат емес, мектеп пен университет арасындағы байланысты күшейтетін нақты қадам ретінде атап өтті. Оның айтуынша, университеттің міндеті болашақ педагогтерді даярлаумен ғана шектелмей, мектептермен бірлесіп жұмыс істеу, мұғалімдердің кәсіби дамуына қолдау көрсету және білім сапасын арттыруға үлес қосу болуы тиіс.
Ректор сондай-ақ педагогтердің кәсіби дамуы, студенттердің мектептердегі тәжірибесін күшейту, бірлескен зерттеулер жүргізу және жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды білім беру үдерісінде тиімді әрі жауапкершілікпен қолдану бағыттарының маңызын атап өтті.
Кездесу соңында Алматы қаласының Білім басқармасы мен жоғары оқу орындары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға салтанатты түрде қол қойылды.





