“Гуманитарлық ғылымдар” кафедрасының ұйымдастыруымен ашық дәрістер апталығы өтті
23-30 қыркүйек аралығында Педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультетінде ашық дәрістер апталығы өтті. «Гуманитарлық ғылымдар» кафедрасының ұйымдастыруымен өткен апталықта халықаралық дәрежедегі профессор-оқытушылар дәріс өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Спикерлер «Малая университетінің мектеп психологтарын даярлау тәжірибесі», «Бастауышта білім беру мен мектепке дейінгі білімнің сабақтастығы», «Инклюзивті білім берудің халықаралық тәжірибесі» тақырыптарында ашық дәріс өткізіп, студенттермен өзара пікір алмасты. Дәріске қатысқан болашақ мамандар Малайзия, Греция, Италия және Гонконгтың мектепке дейінгі білім беру сапасын арттырудың халықаралық тәжірибесімен танысып, білім берудің инновациялық әдістерін, соның ішінде инклюзивті білім беруді игерді.
Апталық дәрісті Сұлтан Ыдырыс университетінің профессоры Абдул Халим бин Маснан (Малайзия), мектепке дейінгі білім беру бағыты бойынша педагогика ғылымдарының докторы Стеллакис Нектариус (Греция), IUSVE университетінің профессоры Винчензо Салерно (Италия) және тағы да басқа халықаралық дәрежедегі білікті мамандар жүргізді.
Сонымен қатар, шетелдік лекторлар SDU университетінің оқытушыларымен бірлесе “Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде тәрбие мен оқытудың әлемдік стратегиялары” жобасының аясында Алматы қаласында 5 күндік семинар өткізді. 440-қа жуық педагог қатысқан шарада мамандар білім беру процесінің тиімділігін арттыру үшін өздерінің кәсіби дағдыларын жетілдірудің бірегей мүмкіндігіне ие болды.