Университетімізге көрермен көзайымына айналған «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының режиссері Мұрат Есжан және продюсері Айсәуле Әбілда қонаққа келді.
Рухани кездесуді Журналистика пәні бойынша студенттер арасындағы республикалық олимпиада аясында Әлеуметтік ғылымдар кафедрасы ұйымдастырды. Алты бөлімнен тұратын телехикаяның соңғы бөлімін Университет ұстаздары, білімгерлері мен олимпиада қатысушылары авторлармен бірге тамашалады. Қатысушылар көрсетілімнен кейін көркем туындыдан алған әсерлерімен бөлісіп, режиссер мен продюсерге сұрақтарын қойды.
Айта кетейік, Мұрат Есжан мен Айсәуле Әбілда – «Болашақ» бағдарламасының түлектері. Сан-Франциско қаласындағы Өнер академиясын тәмамдаған. Осы уақытқа дейін 2019 жылы «I am going to Paris», «Тиын» қысқаметражды фильмі көрерменге жол тартқан. Одан бөлек, 2020 жылы «Абай жолы», 2021 жылы «Ахмет. Ұлт ұстазы», ал 2022 жылы «Міржақып, Оян, қазақ!» телехикаялары дүйім жұрттың ықыласына бөленіп келеді.