Бүгін Алматы облыс әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев Сулейман Демирель атындағы университет студенттеріне лекция оқыды.
«Самғау» жас мемлекеттік қызмет мектебі жұмысының алғашқы лекциясы «Әкімдік іс жүзінде қалай жұмыс істейді және бұл ел экономикасының дамуына қалай әсер етеді?» тақырыбында өтті. Білімгерлермен кездесуге ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысы Ляззат Мұқатайқызы Бейсекулова, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлы Естенов те қатысты. Облыс әкімі университетті аралап, кітапханамен, SDU Store, факультеттермен, асхана, Теннис алаңымен танысты.
Өз сөзінде облыс басшысы Сулейман Демирель университетінің өңірдегі жалғыз жоғары оқу орны екенін атап өтіп, жастардың облысты дамытуда үлкен рөл атқаратынын айтты.
«Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге келген сапарында Қонаев ғылым-білім орталығына және студент жастардың қаласына айналуы керек екенін айтты. «Академиялық қалашықты» құру бойынша құзырлы министрлікпен бірлесе жұмыс істейміз. Облысты дамытуда, алға қойған жоспарларды жүзеге асыруда жастар үлкен рөл атқарады. Биыл мектеп түлектеріне 100-ге жуық грант бөлінеді. Қонаев қаласы жаңадан серпін алып келе жатқандықтан, жастарды облысқа тарту үшін бірқатар жұмыс қолға алынады», – деді Марат Елеусізұлы.
СДУ білімгерлері облыс әкіміне транспорт, Алтын ауыл ықшам ауданының тазалығы, интернет мәселесі, Ұзынағаш, Жібек жолы сияқты шалғай ауылдарға қатынау мәселелеріне қатысты сұрақтарын қойды.
Айта кетейік, Жас мемлекеттік қызмет мектебі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің бастамасымен құрылған. Мектеп тыңдаушылары облыстың мемлекеттік органдарында міндетті түрде тағылымдама мен өндірістік тәжірибеден өтуге жіберіледі, бұл оларға болашақта мемлекеттік органда тез бейімделуге мүмкіндік береді.
Анықтама. Сулейман Демирель атындағы Университет 1996 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Түркия мемлекетінің 9-шы президенті Сулейман Демирельдің қатысуымен ашылды. Университеттің стратегиялық даму жоспарының басты мақсаты – еліміздегі және Орта Азиядағы таңдаулы, халықаралық үлгідегі жоғарғы оқу орындарының бірі болу. Білім ордасы бүгінгі таңда Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы 14 гектарлық алаңда орналасқан. Заманауи талаптарға сай 40 мың шаршы метрлік кампус пен 20 000 шаршы метрлік жатақханасы бар. Қазіргі таңда 8 мыңнан астам студент білім алады.
Университет құрамында 4 факультет пен Мультидисциплинарлық орталық жұмыс істейді:
– Инженерлік және жаратылыстану ғылымдары факультеті;
– Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультеті;
– Педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультеті;
– Бизнес мектебі.
Ағылшын тілінде білім беретін алғашқы университеттердің бірі болып табылатын университетте қазіргі уақытта 55 білім беру бағдарламасы: 28 бакалавриат, 20 магистрлік және 7 докторлық бағдарлама бар. СДУ үш тілді білім беру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Білім беру бағдарламаларының 62%-ы ағылшын тілінде, 20%-ы қазақ тілінде, ал 18%-ы ағылшын, қазақ немесе орыс тілдерінде оқытылады. Профессорлық-оқытушы құрамы – еліміз бен шетелдің белді оқу орындарын бітірген өз істерінің мамандары. Жалпы саны 271 оқытушы бар, оның ішінде 20%-ы ғылым кандидаты, 36%-ы PhD докторы.
