7 желтоқсан күні Сулейман Демирель университетіне GRATA International қауымдастығының Қазақстандағы делегациясы қонаққа келді. Университет басшылығы халықаралық компаниямен алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобаларды талқылады.
GRATA International қауымдастығы – 2018 жылғы 23 наурызда Цуг қаласында (Швейцария) құрылған әлемнің түкпір-түкпіріндегі тәуелсіз заң фирмаларының ғаламдық желісі. Қауымдастық әлемдегі үздік заңгерлер қолданатын «Swiss Verein» моделі бойынша жұмыс істейді.
GRATA International компаниясымен бірлесе осы уақытқа дейін біраз жұмыс атқарылды. Мысалы, заңгерлері СДУ-да мастер-класстар және семинарлар жүргізіп тұрады. «Кейсы Международной юридической фирмы GRATA International» пәнін оқытып, өзге компаниялардың да сабақ беруіне септігін тигізді. Компания өкілдері Career day және басқа да іс-шараларымызға қатысып тұрады. СДУ студенттері Beta career жобасы бойынша жұмысқа орналасып, тағылымдамадан өтіп жүр. Сондай-ақ бакалавриат куррикулумын құқықтық консалтинг саласына бейімдеуге белсенді атсалысты.
Кездесуде қос тарап алдағы уақытта да ортақ жобаларды жүзеге асырып, СДУ Құқық және Әлеуметтік ғылымдар факультетімен тығыз байланыста болуға келісті. Компанияның интеграциялық орталық директоры Райгүл Махмұтова өзге елдердің заң саласындағы жетекші жоғары оқу орындарымен байланыс орнатуға көмектесе алатынын айтты.