Сулейман Демирель университеті мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенттері NetDay олимпиадасында жеңімпаз атанды. Халықаралық сайысқа компьютерлік желілер саласына, Linux администрациялау және желі қауіпсіздігіне қызығушылық танытатын білімгерлер қатысты.
СДУ Инженерлік және Жаратылыстану факультетінің деканы Азамат Жамановтың айтуынша, олимпиада биыл төртінші рет өткізіліп отыр.
«Олимпиада жастардың компьютерлік желілер саласына қызығушылығын арттыру, компьютерлік желілер саласында талантты студенттерді анықтау, салалық вендорлармен және өнеркәсіппен университеттік байланыстарды дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Желілік технологиялар бойынша сайыс 2018 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жылдан жылға тапсырмалар жаңартылып, толықтырылып отырады. Мысалы, биыл NetDay-да тек компьютерлік желілер бойынша ғана емес, сондай-ақ Linux администрациялау және қауіпсіздігі бойынша да тапсырмалар берілді. Шараға қатысқан студенттерге және демеушілерге алғыс білдіремін», – деді ол.
Қырғызстаннан келген команда олимпиаданың финалына өтті. Шара 3 кезеңнен тұрады. Бірінші турда онлайн форматта тек тест сұрақтары берілді. Екінші тур офлайн форматта СДУ-да компьютерлік сыныптарда өтті. Екінші турдағы тапсырма 60 студенттің Cisco IOS жүйесін конфигурациялау және ақаулықтарды жою дағдыларын жеке-жеке тексерді. Соңғы раундта командалар тапсырмаларды квест форматында орындады. Қатысушы командаларға сала мамандарының нақты жағдайлардан тұратын тапсырмалары ұсынылды. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Шахназар-Сұлтан Манбайдың айтуынша, олимпиадаға 400-ден астам студент тіркелген. Бірінші турға Қазақстан мен Қырғызстаннан 150-ден астам студент қатысты. Екінші турға СДУ, ХАТУ, АТУ, АЭжБУ, ҚБТУ, Астана IT, ЕҰУ, Alatoo University сияқты университеттерден 63 студент өтті. Нәтижесінде СДУ және ХАТУ студенттерінен құралған команда бірінші орынды жеңіп алды. Команданың әр мүшесі жаңа IPHONE ұтып алды. Екінші орынды Алматы техникалық университетінің командасы иеленіп, студенттер AppleWatch жеңіп алды. Сулейман Демирель университеті мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті студенттерінен құралған тағы бір команда үздік үштікке еніп, қатысушыларға AirPods табысталды.
