Сулейман Демирель атындағы университетте республикалық «Мейірімді тәрбиеші – 2022» форумы өтті. «Мәңгілік ел жастары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен шараға еліміз бойынша мектепалды даярлық және балабақша тәрбиешілері қатысты.
Форум тәрбиешілердің қоғамдағы мәртебесін көтеріп, кәсіби құзыреттіліктерін дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Онда мектепке дейінгі білім беру саласындағы мәселелер талқыланып, оны шешу жолдары ұсынылды.
Сондай-ақ шара барысында осы саланы зерттеумен кәсіби түрде айналысып жүрген ғалымдар тұжырымдарымен бөлісті, арнайы семинарлар өткізілді.«Skillset» IT мектебінің директоры, «SDU», «Астана IT» университеттерінің экс-ректоры Қанат Қожахмет «Кәсіби даму және маңызды құндылықтар» тақырыбында тренинг өткізді. Филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Тұлғалық даму» клубының басшысы Айсұлу Нурманова семинарда тұлғалық өсу туралы, ол неден басталатынын және қандай кітаптар оқу керек екенін айтты. Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі Ақбота Қоңырова «Педагогтің коммуникативтік дағдысын дамыту жолдары: кәсіби тәрбиеші моделі» тақырыбында тренинг өткізді.
Атап өтейік, Сулейман Демирель университетінде «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту» білім бағдарламасы бар.
