Сулейман Демирель атындағы университетте International College Counsellors семинары өтті. 3 күндік халықаралық семинарға Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен 26 профориентолог маман қатысты. Шара жастарға кәсіби бағыт-бағдар беретін мамандар арасында талқылаулар өткізу, әртүрлі елдерден келген мамандар үшін коммуникациялық алаң қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Семинар аясында психолог қатысушыларға балалармен жұмыс істеу барысында қандай тәсілдерді қолдану керек екенін, оларлың дағдылары мен қасиеттерін анықтауға мүмкіндік беретін тест түрлерін үйретті. Сондай-ақ спикерлер шетелдік жоғары оқу орындарымен қалай байланыс орнатуға болатынын, білімгерлерді шетелге оқуға жіберудің қыр-сырын айтты. Оқыту курстары СДУ Біліктілікті арттыру орталығының қолдауымен жүргізілді. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Шара аясында шетелдік қонақтар СДУ кампусын аралап, білім беру бағдарламаларымен танысты. Сонымен қатар Алматыдағы қазақстандық жекеменшік білім беру ұйымдарын аралады және қаланың көрікті жерлерін тамашалады.
