Бүгін Сулейман Демирель атындағы университетке зерттеуші, тренер, жазушы Абель Полес қонаққа келді. Шетелдік ғалым студенттер мен қызметкерлерге «How to publish in Scopus» тақырыбында семинар өткізді. Осы уақытқа дейін СДУ зерттеушімен ортақ жобаны жүзеге асырған. Қазіргі таңда ғалыммен тағы бір жоба бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ кездесу барысында зерттеуші өзінің «The SCOPUS Diaries and the (il)logics of Academic Survival» кітабын таныстырды. Туынды ғалымдарға қызмет жолын жоспарлауға және стратегиялық ойлауға көмектесу үшін жазылған. Абель Полес танымал журналдарда ғылыми мақалаларды қалай жариялау керек дегеннен бастап, ғалымдардың көпшілігі қызмет жолының әртүрлі кезеңдерінде кездесетін бірқатар сұрақтарды зерттеп, жазған.
Абель Полес Дублин қалалық университетінде жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін Кавказ, Орталық Азия, Шығыс Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия және Латын Америкасында он бес кітап, 100-ден астам рецензияланған мақала, әлеуетті арттыру бойынша және оқыту бағдарламаларын жазған.
Кездесуге қатысқан СДУ Ғылым департаментінің директоры Қанат Оразалиев зерттеушімен коллаборация жасағысы келетінін айтты.
«Мен үшін кездесу барысында SCOPUS-тағы журналдардың рейтингісі туралы айтылған ақпараттар маңызды болды. Q3, Q2, Q1-дегі журналдардың қай уақытта қалай өзгеретіні де қызықты болды. Екіншіден, Абель Полес мырза басқа ғалымдармен, докторанттармен жақсы байланыста. Сол себепті біз ол кісімен белгілі бір бағыттағы жобаларға коллаборация жасай алатынымыз жақсы», – деді СДУ Ғылым департаментінің директоры Қанат Оразалиев.