Сулейман Демирель атындағы университетке «BBC HISTORY MAGAZINE» қазақ тіліндегі журналының бас редакторы Адель Али-Айдарова мен менеджер Аңсар Балғазов келді. BBC өкілдері СДУ Аударма ісі мамандығының білімгерлерімен, оқытушыларымен кездесіп, журналды таныстырды. Кездесудің басты мақсаты – 3,4 курс студенттерін журналға ағылшын тілінен қазақ тіліне аударма жасайтын маман ретінде жұмысқа тарту. Сондай-ақ бас редактор студенттерді басылымнан іс-тәжірибеден өтуге, бірлесе жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Кездесу барысында қатысушыларға тарихи журналдың екінші саны таратылды.
BBC History Magazine – ең танымал тарихи басылымдардың бірі. Журналды дайындау кезінде әлемнің жетекші сарапшылары, сондай-ақ қазақстандық жазушылар мен ғалымдардың материалдары пайдаланылады, ол түркі әлемінің тарихын насихаттауға мүмкіндік береді. Журнал Қазақстанда 2022 жылдан бастап екі тілде (қазақ және орыс) шығады және қазіргі уақытта ТМД елдерінде мерзімді ғылыми және публицистикалық тарихи басылым ретінде аналогы жоқ. Журналдың мақсаты – жастар арасында тарихты білуге деген қызығушылықты арттыру, қазақ тілінде тарихқа қатысты контентті дамыту.