Бүгін Сулейман Демирель атындағы университетте «Шерхан Мұртаза шығармаларындағы қазақ ұлттық философиясы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шара жазушының 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Студенттермен кездесуге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Әсет Құранбек қонақ ретінде келді. Профессор студенттерге Шерхан Мұртазаның өмірі, қызмет жолы туралы естеліктер айтып, өзінің өмірінде қандай рөл атқарғанын айтты.
«Шерхан Мұртаза шын мәнінде елін сүйетін адам. 5-сыныпта «Қызыл жебе» романын оқып, ондағы Тұрардың тұлғасы маған қатты әсер етті. Тұрар Рысқұлов өмір сүргендегі, өткелең кезеңдегі қазақ қоғамының тағдырын, жан жарасын көз алдымызға көрсетті. Оны бір жағынан ауыр қабылдадым, екінші жағынан бірнеше кезеңнің тоғысында өмір сүрген Тұрар Рысқұлов сияқты ғаламат тұлғаның дамуына Шерхан Мұртазаның еңбегі сіңгенін түсіндім. Сондай-ақ, Шерағаның шығармаларында, әсіресе “Бір кем дүние” туындысында тұнып тұрған философиялық ойлар. Сіздердің университеттеріңізден осы іс-шараға шақырту алғанда, “Неге біз осы тақырыпты бұрын-соңды ойламадық” деген ой келді. Осында келе жатқанда осы тақырыпты докторлық диссертация етіп берсем бе деген қорытындыға келдім», – деді Әсет Құранбек.
Дөңгелек үстелде қонақ спикер ғана емес, студенттер де баяндама жасап, өз философиялық көзқарастарымен бөлісті.