30 қазан күні Сулейман Демирель атындағы университетте Ашық есік күні өтті. Ашылу салтанатында университет ректоры Әлімжан Игенбаев қонақтарға алғысын білдіріп, оқушыларға мотивация берді. Шараның басты қонағы ретінде Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Тохтарұлы Емелбаев қатысты. Директор 2023 жылы өтетін ҰБТ жаңашылдықтары, жауап нұсқалары санының өзгеруі туралы, өзгеріссіз қалған ережелер мен грант конкурсы жайлы тың ақпараттармен бөлісті. Ашық есік күніне барлығы мыңнан аса адам қатысты.
«Бүгін Сулейман Демирель университетінде қонақтамыз. Ең басты мәселе талапкерлермен кездесу болды. Мыңнан астам 10 және 11 сынып оқушысымен кездестік. Мұндай шаралар Ұлттық тестілеу орталығы үшін өте маңызды. Себебі, біздің қызметіміздің негізгі тұтынушылары – оқушылармен кездесуге, пікірлерін, сұрақтарын тыңдауға өте жақсы мүмкіндік береді. Бүгін оқушыларға 2023 жылы болатын ҰБТ-ның кейбір өзгерістер мен жаңашылдықтар туралы айттым», – деді Руслан Емелбаев.
Шара барысында мектеп оқушылары, ата-аналар және ұстаздар СДУ білім бағдарламаларымен, мүмкіндіктерімен, әлеуметтік жұмысымен танысты, кампусты аралады, концерттік бағдарлама тамашалады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, университетпен танысуға келген оқушылардың басым бөлігі Педагогикалық және Гуманитарлық ғылымдар факультетіне, Инженерлік және Жаратылыстану ғылымдары факультетіне қызығушылық білдірді.