Бүгін Сулейман Демирель атындағы университетте «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларациясының қабылдануы: құқықтық-саяси сабақтары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған заң ғылымдарының кандидаты, профессор Аманжол Акаев, оставкадағы судья, медиатор Халбуви Шарифбаева, СДУ проректоры Андрей Богданчиков, Азаттық радиосының тілшісі Асылхан Мамашұлы, СДУ Құқық кафедрасының меңгерушісі Айжан Көпбаева, СДУ аға оқытушысы, журналист Есенгүл Кәпқызы қатысты. Сондай-ақ СДУ аға оқытушысы Берікбол Дүкеев дөңгелек үстелге модераторлық етті.
Шараны 25 қазан Республика күніне орай СДУ Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультеті және Ғылым департаменті ұйымдастырды. Дөңгелек үстел барысында 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясының» қабылдануының құқықтық-саяси сабақтары, ерекшеліктері және бүгінгі Қазақстанға маңыздылығы қарастырылды. Қатысушылар өздерінің декралацияға қатысты естеліктерімен және 25 қазан Республика күнінің қайта аталып өтілуін талқылады.