Бүгін Сулейман Демирель атындағы университетте Media Lab студиясының ашылу рәсімі өтті. Оған СДУ проректоры Алмат Жайлаубаев, «Азаттық радиосының» ТВ-продюсері Қасым Аманжол, СДУ Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Мадияр Саудбаев, Журналистика мектебінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Студия СДУ Журналистика мектебінің білімгерлеріне медиа саласы бойынша тәжірибе жинау мақсатында қолданысқа беріледі.
Media Lab жетекшісі Аян Ғиззатов студияның мүмкіндіктерін таныстырды. Оның айтуынша, студия 4 зонадан: интервью, ТВ зона; қозғалмалы динамикалық жарықтандыруы бар зона; визуалды эффектілер жасауға арналған хромокей зонасы; подкаст зонасы және көпфункционалды циклорама зоналарынан тұрады. Университеттің қаржыландыруымен ашылған студияда подкаст жазуға, ТВ жобаларды жүзеге асыруға қажетті жарықтар, кәсіби камералар, телесуфлер сынды барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған. СДУ Журналистика мектебінің өкілдері осы уақытқа дейін жұмысы тоқтатылған жобаларды, жаңа медиа жобаларды қолға алуға дайын екенін айтты.