Бүгін Сулейман Демирель атындағы университетке қызметтік сапармен ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент директоры Ляззат Бейсенқұлова келді. Университет басшылығымен кездесу барысында департамент директоры СДУ базасында «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебін» ашу туралы ұсыныс айтты.
Оның айтуынша, студенттер өз қалауы бойынша мемлекеттік қызмет мектебінде онлайн форматта білім алып, тәжірибелі мемлекеттік қызметкерлердің дәрісін тыңдай алады.
«Бүгін СДУ-ға мемлекеттік қызметке жастарды тарту, талантты студенттерді шақыру мақсатында келіп отырмыз. Біз «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» аясында жастарға мемлекеттік қызмет деген не екенін, онда жұмыс істейтін қызметкерлерге қандай талап қойылатынын, қандай заңдарды білуі керек екенін үйреткіміз келеді. Студенттерге базалық білім береміз және оқуды сәтті аяқтағандарға сертификат табысталады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке кіргісі келетін мектеп түлектеріне жұмысқа орналасу барысында сүйемелдеу арқылы көмек көрсете аламыз. Бүгінде Алматы облысындағы жалғыз университет ретінде сіздермен тығыз байланыс орнатып, бірге жұмыс істегіміз келеді», – деді МҚІЖ Агенттігінің облыстық департамент директоры.
Өз кезегінде университет ректоры Әлімжан Игенбаев ұсынысты қолдайтынын айтып, алдағы уақытта меморандумға қол қоюға дайын екенін жеткізді. Университет студенттері, оқытушылары мен мемлекеттік қызметкерлер арасында байланыс орнатып, екі жақты тиімді қарым-қатынас орнатуға ашық екенін айтты.