Бүгін Сулейман Демирель атындағы университет пен Қазақстан Республикасының Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Палата төрағасы Айдос Иманбаевтың айтуынша, енді СДУ студенттері үшін «Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу (теория және практика)» оқу курсы өткізіледі. Оқуды сәтті аяқтаған студенттер арнайы сертификат алады. Аталған меморандум білім сапасын қамтамасыз ету, еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау және бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында жасалды.
Ынтымақтастық аясында білім алушылардың, жеке сот орындаушылары, ӨҚК көмекшілері мен тыңдаушылардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін, білімі мен дайындығын арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізіледі.
Кездесу барысында Төрағаның кеңесшісі Ирак Елекеев Қазақстандағы сот актілері мен басқа да юрисдикциялық органдардың актілерін орындау мәселелері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді ұсынды.
Жиын соңында делегация мүшелері кампусты аралап, университеттің білім бағдарламаларымен, студенттерге жасалған жағдаймен танысты.