Сулейман Демирель атындағы университетке Танзания елінің Занзибар қаласынан қонақтар келді. Олардың арасында жекеменшік мектептердің басшылары да бар. Шетелдіктер Қазақстанның орта білім жүйесін зерттеп жүр. Сондай-ақ жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқысы келеді. Естеріңізге сала кетсек, СДУ соңғы 3 жылда Африка елдерінде, Азия, ТМД елдерінде мектеп түлектері арасында ISPT олимпиадасын ұйымдастырып келеді. ISPT (International SDU Proficiency Test) – орта мектеп түлектеріне арналған халықаралық олимпиада. Олимпиада Сулейман Демирель университетінде ішкі грант бойынша жоғары білім алуға мүмкіндік береді.
Қонақтар олимпиадамыз туралы естіп, СДУ-мен серіктестік қарым-қатынас орнату туралы шешім қабылдады. Алдағы уақытта СДУ-да оқуға 100%, 50%, 25% жеңілдік беретін олимпиада Танзания елінде де өтетін болады. Олар егер дарынды балалары грант ұтып алса, Қазақстанға білім алуға жіберетіндерін, серіктестік орнатуға ниетті екендерін жеткізді.
Қазіргі таңда Сулейман Демирель университетінде 16 мемлекеттен 185 студент білім алып жатыр. Университет алдағы уақытта бұл көрсеткішті 500-ге жеткізуді, шамамен 30 мемлекетпен халықаралық байланыс орнатуды жоспарлап отыр. СДУ Халықаралық офисі осы уақытқа дейін 60 университет 26 мемлекетпен ынтымақтастық орнатты, соның арқасында білімгерлеріміз 2 курстан бастап академиялық мобильділік бойынша шетелге барып білім алып жүр. Сонымен қатар университетіміздің педагогика және инженерия факультеті ERASMUS бойынша жобаларды жүзеге асырып жатыр.