Сулейман Демирель атындағы университеттің Студенттер үйі кампустың территориясында, оқу ғимаратынан 30 метр қашықтықта орналасқан. 4 блоктан тұратын ғимарат 1120 адамға шақталған. Отель типіндегі Студенттер үйінде 70-тен астам қызметкер білімгерлерге тиісті деңгейде клинингтік қызмет, медициналық, электр, сантехника, жөндеу жұмыстары, кір жуу, әкімшілік қызметтер көрсету үшін тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді.
Ұлдарға және қыздарға арналған жатақхана бөлек, бөлмелер студенттер үйінің 3 және 4 қабатты екі ғимаратында орналасқан. Ғимараттың әр қабатында 4 кісілік 20 бөлме, тәрбиешілерге арналған бөлмелер, студенттерге арналған демалыс бөлмесі, жуынатын бөлмелер бар. Жатақхана тазалық бөлмелерін қосқанда 1000 шаршы метр аумақты алып отыр.
Жатақхананың төменгі қабатында студенттерге арналған үстел теннисі, шахмат, шашки үселдері, бильярд үстелі бар. Студенттер үйінде жыл бойы жастарға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылады. Жатақхананың ашылуы, кинокештер, футболдан жатақхана кубогы, көңіл көтеру кештері, таза ауада пикниктер, семинарлар мен мерекелерді ұйымдастырылады.
Биылдан бастап студенттеге қолайлы жағдай жасау мақсатында аптасына 7 күн комплексті кешкі ас (бірінші, екінші тағам, салаттар, нан, тәттілер, шай, түрлі сусындар, жеміс-жидек) жатақхана ақысына кіретін болады. Жатақхана ақысы семестріне (қыркүйек айынан желтоқсан айына дейін) 362 мың теңгені құрайды, айына – 90 500 теңге. Былтыр жатақхана ақысы жылына 360 мың теңге болды, алайда ол соммаға кешкі ас кіргізілмеді.
Студенттер үйіне қабылдау кезінде басқа қалалардан келген және 1 курс білімгерлеріне басымдық беріледі.