2022 жылдың 10-11 тамыз аралығында Сулейман Демирель атындағы университетте Тамыз конференциясының панельдік, пленарлық сессиялары өтті. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған шараға 134 мектеп және 17 облыстық «Дарын» орталығының өкілдері қатысты.
Педкеңестің пленарлық сессиясында СДУ проректоры Андрей Богданчиков қатысушыларға алғысын білдірді.
«Биылғы тамыз конференциясының панельдік, пленарлық сессиялары университетіміздің қабырғасында өтіп жатқаны біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. СДУ-дың педагогтерге арналған жобаларын әрі қарай дамытып, толықтырып, жүзеге асыруға шабыт беріп отырсыздар. Сіздердің заман табалына сай білімдеріңізді толықтырып, бір-біріңізбен ой бөлісулеріңіз жалпы білім саласының дамуына әсері етері сөзсіз. Бүгінгі жиынға еліміздің түпкір-түкпірінен келген ұстаздар қауымына оқу ордамыздың есігі әрдайым ашық», – деді ол.
Дәстүр бойынша жыл сайын Тамыз конференциясы педагогтерді келесі оқу жылына жаңа бағыттарды айқындауға, жоспар құруға, жаңа жетістіктерге жетуге ынталандырады. СДУ-да өткен Педкеңеске аймақтық «Дарын» орталықтарының басшылары, мамандандырылған білім беру ұйымдарының директорлары, директордың оқу ісі, тәрбие жөніндегі орынбасарлары және психолог мамандар қатысты. Екі күндік жиында білім беру саласындағы тәжірибелі мамандар шеберлік сабақтар, тренингтер өткізді. Сондай-ақ қатысушылар мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру мәселелерін талқылады.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен өтетін Республикалық тамыз кеңесі биыл 19 тамызға жоспарланған.