Орталық Азия елдері ректорларының форумына жиналған білім саласының басшылары Сулейман Демирель атындағы университетке келді.
Қонақтар қатарында Өзбекстан Республикасы Жоғары және орта арнайы білім министрінің бірінші орынбасары Каримов Комилжон мен ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев болды. Сондай-ақ өзбекстандық және қазақстандық жоғары оқу орындарының ректорлары, проректорлары да СДУ ғимаратын аралап, білім бағдарламаларымен, оқу процесімен танысты.
Өзбекстан Республикасы Жоғары және орта арнайы білім министрінің бірінші орынбасары СДУ ұжымына ризашылығын білдіріп, ЖОО қызметіне сәттілік тіледі.
«Университет үшін 25 жыл қызмет дегеніміз – тек бастамасы ғана. Сулейман Демирель атындағы университеттің болашағы зор екенін байқадым. Сіздерге бар жақсылықты тілеймін. 50, 100 жылдан кейін де жоғары оқу орнының қонақжайлылығы, рухы дәл осы қалыпта сақталып, студенттер мен қызметкерлер осында қазіргідей бар ынтасымен келуіне тілектеспін. Бұл – басты көрсеткіш. Сіздермен ынтымақтастығымыз әрі қарай дами береді деген үміттемін», – деді Каримов Комилжон.
Кездесу барысында Орталық Азия бойынша білім саласының көшбасшылары қазақстандық білім жүйесімен танысып, өзара серіктестік пен ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
