Сулейман Демирель атындағы Университеттің делегациясы Нұр-Сұлтан қаласына іссапармен барды. Делегация құрамында Журналистика кафедрасының меңгерушісі Мадияр Саудабаев, Заң мектебі мен Бизнес мектебінің магистратура директорлары Дархан Орынбасаров пен Әлібек Әкімбай болды. Іссапардың негізгі мақсаты – университеттің магистратура бағдарламаларын дамыту бойынша жаңа мекемелермен өзара тиімді ынтымақтастық құру, сондай-ақ осы жылы ашылатын магистрлік бағдарламалар жайында мекеме басшыларын ақпараттандыру болды.
Осы жылы ашылатын FinTech магистрлік бағдарламасы мен қазіргі уақытта нарықта зор сұранысқа ие IT Law бағдарламасы жайында индустрия қызметкерлерін ақпараттандырып, жұмыс берушілермен түлектің сапалы болуы үшін маңызды қағидаттары жайында өзара пікір алмасты.

Әріптестік қарым-қатынасты дамыту мақсатында Astana International University және Нәрікбаев атындағы КазГЮУ-дің проректорларымен кездесіп, университет ғимараты бойынша экскурсия жасалды. Аталған ЖОО-ның түлектерімен кездесіп, СДУ-дегі магистратура бағдарламалары таныстырылды. Делегация мүшелері СДУ-дің жеткен жетістіктері мен даму қарқынын, студенттердің көшбасшылық қасиеттерін және олардың білімі мен ғылыми-зерттеу әлеуетінің жоғары екендігін жеткізді.