Қазақстандық жас суретші Ғани Көбей Сулейман Демирель атындағы университеттің коллекциясына авторлық суреттер топтамасын сыйға тартты. 150-ге тарта өнер туындыларының авторы, 26 жастағы қылқалам шебері әлемдегі ең жұмбақ тұлға – бет-әлпетіне назар аудартпай, көрерменді өз шығармашылығынан эстетикалық ләззат алуға шақырады. Суретшінің басты ерекшілігі – жаңа ою-арт жанрында әрі ұлттық нақышта тарихы тереңде жатқан ою-өрнектерді бейнелеу. Сондықтан оның бірқатар жұмыстары “Жансарай айналары” деп аталады. Автордың пікірінше, суреттерге қарап, әркім өз жанының түкпіріне үңіліп, жанға тыныштық ұялатады. Бүгінгі таңда жас суретші өз композицияық туындыларын Нью-Йорк, Сеул, Лондон қалаларындағы көрмелерге шығарып, АҚШ, Еуропа және Азия елдерінің жетекші галереяларымен серіктестік құрып үлгерген. Оқу орнына суретшінің картиналар топтамасын Ait Gallery заманауи өнер галереясының негізін қалаушы, СДУ түлегі – Кенжебек Айтқожин ұсынды.
СДУ ректоры Қуаныш Ерғалиев университеттің Арт-бұрышының салтанатты түрде тұсауын кесіп, жоба ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
– Білім ордасының қарқынды дамуына әрдайым үлес қосуға дайын жүреін талантты түлектеріміздің игі істері біз үшін үлкен мәртебе. Ұлттық мәдениетті тек елде ғана емес, шетелдерде де кеңінен насихаттау бойынша жүргізіліп жатқан орасан зор жұмыс үшін шексіз алғысымызды білдіреміз. Бұл картиналар біздің студенттер үшін баға жетпес рухани мұра және ерекше шабыт көзіне айналарына сенімдімін, – деп атап өтті СДУ ректоры Қуаныш Ерғалиев.
Айта кетейік, Аit gallery заманауи өнер галереясы қазақстандық өнерді насихаттау мақсатында 2019 жылдың наурыз айында ашылды. Оның негізін қалаушы СДУ бизнес мектебінің түлегі Кенжебек Айтқожин еліміздің Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау сияқты ірі қалаларында көрмелер өткізіп үлгерді. Кенжебектің айтуынша, қазақстандық авторлардың картиналары Еуропа мен АҚШ көрермендері арасында ерекше табысқа ие.
– Автордың стиліне сәйкес, әр шығарма белгілі бір музыканың сүйемелдеуі арқылы қарастырылады, нәтижесінде көрермен күшті эмоциялық күйге енеді. Бұл бейнелеу өнеріндегі жаңа бағыт. Суретші шығармашылығының іргетасы ою-өрнектерден қаланған, олардың әрқайсысының өз тарихы мен терең мағынасы бар. Біздің мүддеміз – өскелең ұрпақ арасында да, халықаралық аренада да ұлттық мәдениетті кеңінен танымал ету, – деп түйіндеді Кенжебек Айтқожин.
Сулейман Демирель университеті суретшілермен ынтымақтастық орнатуға және өз коллекциясына өнер туындыларын қабылдауға әрайым ашық.


