Виртуальный ассистент

СДУ “Журналистика” мамандығына шығармашылық емтихан

СДУ “Журналистика” мамандығына шығармашылық емтихан

Биыл СДУ журналистикадан бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша талапкер қабылдайды. СДУ журналистика мектебі 10 жыл уақыттан бері кәсіби журналист мамандар даярлап келеді. СДУ журналистика мектебінің мынадай ерекшеліктері бар: 

  1. Қазақ және ағылшын тілінде сабақтар: СДУ журналистика мектебінде талапкер қазақ немесе ағылшын топтарын таңдай алады. Университетте ағылшын тілімен қатар түрік тілі де оқытылады. Бұл болашақ журналистің кәсіби карьерасына көмегін тигізбек.
  2. Арнайы жабдықталған лабараториялар: Видеокамера, аудиоға арналған техника мен медиа-дизайн компьютерлерімен жабдықталған 2 лабаротория студенттерге қызмет көрсетеді (SDU Media, Mediadesign Lab). Мұндай зертхана – студенттің практикалық дамуына таптырмас мүмкіндік.
  3. Халықаралық студент алмасу (Exchange) бағдарламасы: Exchange студент алмасу бағдарламасы арқылы студент шетел университеттерінде 1 семестр оқи алады. Осы уақытқа дейін СДУ журналистика мектебі студенттері Оңтүстік Корея, Польша, Малайзия, Солтүстік Кипр, Түркия мемлекеттерінде білім алып қайтқан.
  4. Дуалды білім беру бағдарламасы: СДУ журналистика мектебі 2018 жылдан бері Almaty TV телеарнасымен біріге дуалды оқыту бағдарламасын бастаған. Бұл бағдарлама аясында студенттер ТВ журналистика, продюсерлікке қатысты сабақтарды телеарна базасында өтеді.
  5. Білікті оқытушылық құрам: СДУ журналистика мектебінде шетелдік оқытушылар, “Болашақ” бағдарламасымен шетелде білім алған білікті профессорлар, сондай-ақ медиа саласында мол тәжірибесі бар практик мамандар сабақ береді. Жыл сайын шетелдік ЖОО-дан қонақ профессор (guest lecturer) келіп дәріс оқиды. Дата журналистика, медиа сауаттылық, тергеу журналистикасы, т.б. пәндер жоғары деңгейде оқытылады.
  6. Кәсіби карьералық өсу: Университеттің білім сапасы – түлектерінің жетістігімен өлшенеді. СДУ журналистика мектебі түлектері қазақстандық басылымдарда (Хабар, Qazaqstan телеарналары, Factcheck.kz, the-Village Kazakhstan веб-сайттары, OYLA журналы, т.б.), халықаралық ұйымдарда (MediaNet, Internews, Air Astana, Erasmus+ т.б.) табысты еңбек атқарып келеді. Журналистика мектебі студенттері университет қабырғасында жүріп-ақ Balmuzdaq+, The Soyle секілді жеке жобасымен айналысып жатыр.   
  7. Магистратура: Биылғы оқу жылынан бастап СДУ журналистика мектебі магистратура бағдарламасын іске қосты. Магистратура бағдарламасы 3 бағыт бойынша білім береді: мультимедиалы журналистика (1 жыл), дата журналистика (1.5 жыл), медиа зерттеулері (2 жыл).

Сулейман Демирел атындағы университеттің қабылдау комиссиясы 6B032001-Журналистика (ТВ және мультимедиа) мамандығы бойынша 2020 жылғы шығармашылық емтиханның өткізу тәртібі мен ережесін ұсынады:

Қабылдау емтиханы жайлы жалпы мәлімет 

Шығармашылық емтихан өтетін күн: 9-10 шілде

Шығармашылық емтихан өтетін уақыт: 10:00-13:00

СДУ журналистика мектебінің 2020 жылғы қабылдау емтиханы (шығармашылық емтихан) онлайн форматта өткізіледі. Талапкер шығармашылық емтиханды қалауына сай қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде тапсыра алады. Шығармашылық емтихан екі кезеңнен тұрады:

  • Жазбаша емтихан (40 ұпай);
  • Ауызша емтихан (40 ұпай).

Жазбаша емтихан ашық сұраққа жауап жазу арқылы, ал ауызша емтихан университет сайтына жарияланған емтихан сұрақтарының ішінен кездейсоқ таңдалған екі сұраққа жауап беріп, портфолио таныстыруы я болмаса комиссияның қосымша сұрағына жауап беруі арқылы жүзеге асырылады. 

Журналистика мамандығына түсу үшін талапкер ҰБТ-да оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы пәндерінің әрбірінен кемі 5 ұпай иеленген болуы керек. Сонымен қатар шығармашылық емтиханның әрбірінен (жазбаша және ауызша) кемі 5 ұпай иеленген болуы шарт. 
Шығармашылық емтиханға қатысу үшін талапкер 7 шілдеге дейін мына сілтеме арқылы емтиханға тіркелуі керек: tiny.cc/examsdu  
Толығырақ мәлімет үшін мына тіркелу нұсқаулығымен танысып шығу ұсынылады: tiny.cc/guidesdu

 

Жазбаша емтиханның өткізілуі

Жазбаша емтихан онлайн форматта, Google Forms арқылы, сұрақтарға жауап жазу түрінде өткізіледі. Жазбаша емтихан 2 секциядан тұрады:

  • Ұсынылған 2-3 минуттық видеоны қарап, сол видеоға қатысты сұрақтарға жауап жазу (20 ұпай);
  • Ұсынылған жағдаятпен танысып, сол жағдаятқа қатысты редакцияға хат жазу (20 ұпай).

Жазбаша емтиханды орындауға берілетін уақыт: 150 минут 

Жазбаша емтиханның бағалануы

  1. Жазбаша емтиханның бірінші секциясында талапкердің сыни ойлауы мен грамматикасына назар аударылады.

Сыни ойлау дегеніміз – талапкердің өз ойын жүйелі жеткізуі, альтернатив пікірлер ұсына алуы (80% баға сыни ойлауға қойылады).

Грамматика – талапкердің орфографиялық, емлелік, пунктуациялық қатесіз жазуы (20% баға грамматикаға қойылады).

  1. Жазбаша емтиханның екінші секциясында сыни ойлауы, ой-пікірін аргументативті жетізуі, грамматикасы, мәтін және сөйлем құрылымының реттілігі, сөздік қоры бойынша бағаланады.

Грамматика – 30%
Ой-пікірін аргументативті әрі сыни тұрғыдан жеткізуі – 30%
Ой жүйелілігі, мәтін және сөйлем құрылымының реттілігі – 25%
Тіл байлығы, сөздердің қайталанбауы, суреттеу, баяндау шеберлігі – 15%

Ауызша емтиханның өткізілуі

Ауызша емтихан онлайн форматта, Google Meet платформасында, комиссия мүшелерінің сауалына ауызша жауап беру түрінде өткізіледі. 

  1. Талапкер sdu.edu.kz сайтына алдын ала жарияланған 20 сұрақтың ішінен комиссия мүшесі кездейсоқ таңдаған екі сұраққа жауап береді (35 ұпай).
  2. Сондай-ақ портфолиосын таныстырады немесе комиссия мүшелерінің қосымша сұрағына жауап береді (5 ұпай). Портфолиода талапкердің жетістіктері, сертификат, дипломдары көрсетіледі. Портфолио болмаған жағдайда, комиссия қосымша сұрақ қояды. 

Ауызша емтиханда келетін сұрақтар тізімін мына жерден көруге болады: https://lnk.bio/Nu4y

Талапкердің жауап беруіне берілетін уақыт – 10 минут.

Ауызша емтиханның бағалануы

Ауызша емтиханда қойылатын ең жоғары баға – 40 ұпай. Ауызша емтихан кезінде талапкердің тапқырлығы мен креативтілігі, сұраққа дайындығы мен тақырыпты аша білуі бағаланады: 

  • Тапқырлық, креативтілік – 50%
  • Сұраққа дайындық, тақырыпты ашуы – 50%

Емтихан нәтижесінің жариялануы және апелляция

Емтихан нәтижесі емтихан өткен күні кешкі уақытта, sdu.edu.kz сайты мен instagram желісіндегі @journalism_sdu парақшасына жарияланады.

Комиссия мүшелері емтихан барысында және жұмыстарды тексеру кезінде академиялық алаяқтық (плагиат, емтиханды талапкер орнына басқа біреу тапсыруы, т.б.) анықтаса, талапкердің жұмысы 0 ұпайға бағаланып, емтиханнан шығарылады.  

Талапкер комиссияның бағалауымен келіспесе, апелляцияға бере алады. Ол үшін нәтиже жарияланған күні Алматы уақытымен (GMT +6) сағат 23:59-ға дейін info.journalism@sdu.edu.kz поштасына талапкер толық аты-жөнін, апелляцияға беру себебін жазып хат жолдауы керек. Хат негізінде апелляциялық комиссия  құрылып, 1 тәулік ішінде талапкер шағымын қарастырады.

Қосымша сұрақтар бойынша төмендегі байланыс құралдары арқылы хабарласуға болады:

Эл. поштаinfo.journalism@sdu.edu.kz;

WhatsApp, Telegram – +77789128183; 

Instagram – @journalism_sdu парақшасына direct хат жолдау арқылы;

Сондымен қатар, талапкерлердің емтиханға арналған Telegram-чатына қосылуға болады: tiny.cc/telegram2020.

Реквизиты

Spelling error report

The following text will be sent to our editors: