Есенгүл Кәпқызы: Алдағы 5 -10 жылдың ішінде журналистика саласына түбегейлі реформа қажет

Есенгүл Кәпқызы: Алдағы 5 -10 жылдың ішінде журналистика саласына түбегейлі реформа қажет

Қазіргі заманауи қазақ журналистикасы қай бағытта жұмыс жасайды? Қандай трендтерге сүйенеді? Нарыққа қандай мамандар қажет және оқу орындарында болашақ журналистер не үйренеді? Осы және басқа да түйткілді cауалдарды СДУ журналистика кафедрасының белді аға-оқытушысы, тәжірибелі журналист Есенгүл Кәпқызы сараптап берді.

Қазіргі журналистиканың кемшін тұстары

Біздің қоғамда әлі де болса совет дәуірінен келе жатқан қатып қалған стереотиптер бар. Сол сияқты журналистика саласы да бірқатар мәселеге толы. Қазіргі қазақ журналистикасы кеңінен дамып кетті деп айта алмаймын, өйткені журналистер қауымының арасында мультимедияны жақсы меңгерген мамандар аз. Ал білікті кадрлар басқа салаға кетіп жатыр, себебі журналистердің жалақысы төмен, статусы белгілі бір дәрежеге көтерілмеген. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыс деген бар, ол журналистиканың қанатының кең жайылуына тұсау болып отырған мәселе. Ең бірінші біз журналистиканың дамымай жатқанын  білімнің дұрыс берілмеуінен көреміз. Мен әлі де практик журналиспін, сайттар мен газеттермен көп жұмыс істеймін. Байқауымша, көп әріптестеріміз ақпарат алу мәселесінде, мультимедиялық құралдарды қолдану, визуализация жасауға келгенде кенжелеп қалғанын байқауға болады, оның сыртында бізде ізденіс аз. Бірінен бірі ақпаратты көшіріп, салып отырады. 

Соңғы кездері журналистика саласына көптеген басқа мамандық иелері келіп арзанқол, жеңіл дүниеге айналдырып жіберді. Сарапшы маман ретінде түрлі қателерді тауып, үнемі жазып отырамыз, алайда көп жағдайда ол назарға ілікпей жатады. Фактчекингті көп журналистер білмейді. Қазір қоғамда орын алған теріс түсінік бар, «өзімдікі» және «өзгенікі» деген. Көбінесе шенеуніктер ақпарат құралдарын қолшоқпар ретінде пайдаланып жатады, ал оппозициялық құралдарға өзгенікі ретінде көзқарас қалыптасқан. Сондай-ақ, журналист қателесіп жатса да оған көз жұма қарау деген бар. 

Менің пікірімше, журналистика қазіргі деңгейде қалатын болса, өзгеру қиын болады. Журналистикадағы шенеуніктердің негізгі көздегені – бұл салаға саяси құрал және үгіт-насихат ретінде қарауында. 

Журналистика саяси құрал болмауы керек, бұл саланың мамандары шын мәніндегі қоғамның көлеңкелі тұстарын ашып, қарапайым халыққа жеткізуі керек. Қазіргі көзқарасты өзгерту қажет. Бұл саланы үгіт-насихат құралына айналдырмай, еркіндік беру қажет. Тек сонда ғана бізде өзгерістер болады. Соған дайын отырған жастар көп бізде.

 Журналистерді төртінші билік деп атайды, алайда олар шын мәнінде билікке жатпайды. Олардың статусын көтеру қажет. Мысалы, шет мемлекеттерде тәуелсіз журналистердің қатары толық, олар ешкімнен сыйақы алмайды, ешкімге қолжаулық болмайды, өз бетінше материал жазады, өйткені жалақылары өте жоғары. Біздің журналистика белгілі бір тұлғаларға тәуелді болғандықтан, мамандар қожайындардың сойылын соғуға мәжбүр. 

Сондықтан бұл салаға алдағы 5-10 жылда үлкен түбегейлі реформа қажет деп есептеймін.

 СДУ журналистикасының басқа оқу орындарының журналистика мамандығынан ерекшелігі және заманауи технологиялардың ұтымды қолданылуы

– Мен келген сәтте СДУ-дің Журналистика мамандығы  филологиямен бір кафедрада болды. Бәлкім соның әсері шығар, филологияға қатысты  сабақтарының саны басым еді. Сараптай келе, біз ол пәндердің ішінен тек маңыздысын ғана қалдырып, қалғандарын бағдарламадан алып тастадық.  Публицистика қазір тренд болудан қалды. Қазір BBC, Al Jazeera құралдарының жұмысы әлдеқайда жаңа трендтерге көшкен. 

Мәселен, қазір адамның көңілін аулау үшін алғашқы 4 секунд қажет, 4 секундта егер адам сіздің жазған дүниеңізге қызықпаса, оны ешқашан қызықтыра алмайсыз дейді. Яғни, бүкіл әлем журналистикасы қазір ақпарат беруде өте қысқа форматты тәсілдерді іздестіруде деген сөз.

Қазіргі ұрпақ ұзақ романдарды оқымайды, оларға қысқа контент әрі визуализация қажет, өйткені мәтін қазір екінші санатқа қалып бара жатыр. Сол себепті біз оқу бағдарламасында  мультимедиялық сабақтарды көбейтуге тырыстық. Мысалға, Data журналистиканы енгіздік, ол СДУ-дан басқа оқу орындарында оқытылмайды, оқытқан күннің өзінде біздегідей жүйелі түрде дәріс жүргізілмейді. Бірінші курстан бастап, жаңалықтану, жалған ақпаратпен күресу, фактчекинг, сыни ойлау сияқты тенденцияға көбірек мән бердік. Екінші курста біздің студенттер медиадизайн курсынан өтеді, бұл курс балаларды өзінің жобасын әзірлеуге баулыйды. Үшінші курста студенттер Data-мен жұмыс істеуді үйренеді. Біз шәкірттерімізге барынша қазіргі заманғы журналистика саласындағы трендтерге қатысты нәрселерді тереңірек үйретеміз. Data журналистика бір курс бойы өтеді, сыни ойлау, медиа коммуникация, үлкен аналитикалық ақпараттарды бейнекөрініске айналдыру – осының барлығы заманауи журналистикадағы қажетті құралдар. 

Бізде батыстан, алыс жақын шетелдерде  білім алып келген ізденімпаз, білікті мамандар бар: Асхат Еркімбай – Data журналистика, Мұхтар Сеңгірбай – конфликтология, Молдияр Ергебек – медиа этика саласындағы бірінші отандық сарапшы, Мадияр Саудбаевтың медиадизайн пәнінен дәріс алған студент, қандай ақпарат құралында болсын жұмыс істей алатын біліктілікке ие болады. Өйткені, олар медианың дизайнын ғана жасап қоймайды, сонымен қоса, инфографика, видеографика секілді визуализация құралдарын да үйренеді. Жоғарыда біз айтып өткен қысқа форматтағы видеолардың жасалу жолдарын біздің студенттер осы дәрісте үйреніп шығады.  Біздің мамандар шетелдің ұтымды тәжірибесін біздің шәкірттерге үйретуге және олардың көзқарасын басқаша түрде қалыптастыруға тырысады. Журналистика мамандығынан түлеп ұшқан түлектеріміз бүгінде отандық және шетелдік медианарықта өз орнын тауып, еңбектеніп жүр. 

Түлектер дипломмен қоса қандай құзырлы қабілетке ие болады?

Қазіргі еңбек нарығында масс-медиа индустриясында оқу орнын бітірген жас түлектерден жұмыс берушілер бес аспап болуды талап етеді. Яғни, жас маман тілші, PR маманы, спичрайтер, баспасөз хатшысы, копирайтер, СММ менеджер, бірнеше тілді білу сынды жан-жақты қасиеттері мен қабілеттері болуы тиіс. Біздің Журнлистика мектебінің түлектері осы нарықтың сұранысына толықтай дайын деп есептеймін. Мәселен, түлектеріміз, республика аймақтарында белді телеарналарда басшылық лауазымға шақырылды, PR саласында Сорос Қорында 4-ші курс студенттері тағылымдамадан өтті. Ал «Соростан» өту – екінің бірінің қолынан келе бермейді. 2014 жылы бітірген бір түлегіміз Америка елшілігінен тағылымдамадан өтті. Ал, жалпы алғанда, көп түлектер масс-медиа саласында өзінің жеке кәсібін ашып жатыр. Мысалы,Сhampions.kz.порталы, біздің шәкірттердің жеке жобасы, бүгінгі күні өз шығындарын өтеп, табысқа қол жеткізетін дәрежеге жетті.  

Өзім көп жылдары газет журналисі болып жұмыс істегеннен кейін балаларды жазуға баулимын. «Журналистикаға кіріспе» деген пәннен бастаймыз, «Бақтың тілі мен стилі» және «Журналистиканың құқықтық негіздері» деген пәндерден дәріс беремін. Бұл сабақтар арқылы балалар міндетті түрде Қазақстан журналистикасындағы нақты мысалдармен танысады, қай жерде қандай нәрсе болып жатқанын анықтап, көбінесе өз бетінше жұмыс істейді. Біз студенттерге бірінші курстан бастап редакция құрамыз және сол редакцияның аясында жұмыс істететеміз. Студенттер барлық жаңалықтар мен жобаларын жеке блогтары арқылы таратады. Бірінші күннен бастап  репортаж жасайды, базарларға барады, қайнап жатқан тіршіліктің ортасында болады. Негізгі мақсат – жазу, ойлау қабілетін дамыту, іздену. Бұл қаситеттер  менің жұмысымдағы басты қағида. Жалпы, бізде журналистикадағы менеджмент дұрыс емес деп ойлаймын. Мәселен, журналистер арнайы бір мамандықтың иесі болу керек деген пікірге қосыламын. Осы тұста, салалық журналистиканы дамытып, түрлі мамандықтарға арнайы курстар ұйымдастырсақ, «майнор кредит» бойынша, екінші маман ретінде, журналистиканы оқи жүріп, қосымша құзіретке ие болар еді және салалық журналистикаға сұраныс көп болар еді. Мысалы, тәжірибеде жүрген журналистерді қарап отырсаңыздар көбісі басқа мамандық иелері, өз саласында тұщымды сараптамалы материалдар жасай біледі. Ал нақты журналистика мамандығына ие болған кадрлар, ақпараттың бетін қалқып жүреді.

Жеке табыс кілтіңіз?

Ең негізгі өмірлік қағидам, көп ізденемін, көп оқимын. Шамамның келгенінше тоқтамауға тырысамын. Жастардың алдында сонау совет дәуірінен келе жатқан жиырма жыл бұрынғы трендтерді айтып тұрсаң, олар еш тыңдағысы келмейді. Үнемі ізденіп отырамын, қоғамдағы өзгерістері бақылап отырамын. 

Жуырда мемлекеттік «Болашақ» стипендиаты атандым.  Алдағы екі жыл осы бағдарлама бойынша біліктілігімді жетілдіруге арналмақ. 

 Қазіргі жастардың талабына сай болу үшін өзімді-өзім қамшылап, ағылшын тілін де жетік меңгеріп алдым. Соның арқасында сабаққа қажетті ақпаратттардың бәрін ағылшын тіліндегі әдебиеттерден алып отырамын. Университетіміздің ассоциативті профессоры, PhD Молдияр Ергебек мырза екеуміздің «Медиа этика және құқық» атты еңбегіміз баспаға дайындалып жатыр. Бұл  кітапты жазу барысында шетелдік тәжірибе мен отандық тәжіриебені салыстыра отырып, жан-жақты тың ақпаратқа толы оқу құралын әзірледік деген ойдамын.

Басты жетістік – еңбек деп есептеймін. Оны дұрыс пайдалана білу қажет. Кей адамдар көп оқиды, көп біледі, бірақ дұрыс пайдалана білмейді. Білгеніңді барынша дұрыс жүзеге асыра білсең, әрдайым түбінде оң нәтиже шығады.

Реквизиты

Open chat

Spelling error report

The following text will be sent to our editors: